Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің мектеп кітапханасында
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Тіл – ұлттың жаны, әр халықтың байлығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
1998 жылдан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылы Үкіметтің «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған. Атаулы датаның өзгеру себебі – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. 5 қыркүйекте барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.
Көрменің мақсаты:
1) Қазақ тілінің, жазуының, Қазақстан халқының тілдерінің тарихымен, лингвист ғалымдардың іргелі жұмыстарымен таныстыру арқылы мемлекеттік тілді білуді, оны және Қазақстанды мекендейтін әр халықтың тілін құрметтеуді, әлемдік тілдерді үйренуді насихаттау.
2) Кітапхана қорындағы түркі тілдер, әлемдік тілдер тарихын зерттеуге, қазақ тіл біліміне, тіл мәселелеріне, тілдердіі үйрену, оқытуға арналған оқу, ғылыми әдебиеттермен таныстыру.