Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бастамашы болып отырған акция "Мектептің жақсаруына көмектес!" ұранымен өтіп жатыр. Іс-шараға мектеп оқушылары, еріктілер, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа да кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Осындай краудсорсинг және мүдделі тұлғалардың ауқымды көлемін тарту арқылы жылы дәретханалары жоқ және балаларға санитарлық-гигиеналық жағдай жасалмаған білім беру ұйымдары анықталады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. "Мектептерді қаржыландырудың заңнамалық функциялары, олардың құрылысы мен қажетті жағдайларды, оның ішінде санитарлық жағдайды жасау мәселелері әкімдіктердің құзырында екенін атап өткен жөн. Бұған дейін министрлік мектеп дәретханалары мен мектеп мәзірін жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін бірқатар өңірдің әкімдіктеріне хат жолдаған болатын", - деді балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули. Оның айтуынша, мониторинг жазалау үшін емес, балаларға тиісті жағдай жасау ісіне мектептерді бірлесіп жұмылдыру үшін жүргізіледі. Мектеп әкімшіліктеріне құқықбұзушылықтарды жою үшін белгілі бір уақыт беріледі.