"1 желтоқсан -Президент күні" атты сынып сағаттары
Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде "1 желтоқсан -Президент күні" атты сынып сағаттары өтті.
Бұл желтоқсан қазақ үшін қадірі артық мезгіл.
Нақ осы айда қамытбауы сөгілген Қызыл үкіметтің ноқтасын сыпырып өздеріне лақтырып, ақмылтық боранда жоғалтқан азаттықты қайтарып алғанбыз.
Оған дейін нақ осы айда 1917-жылы Алашорда Үкіметі құрылған, нақ осы айда 1986-жылы қазақ жастары қасқайып тұрып теңдік сұраған.
Нақ осы желтоқсанда тағы бір тарихи оқиғаны бастан өткеріп, егемен еліміздің тұңғыш Президентін бүкіл халық болып сайлағанбыз.
Көркемдесек, тіл үйірер тәттідей болған «Тәуелсіздік» дейтін ұғымның дәмін енді сезген біздің халық 1991 жылдың 1-желтоқсанында өз Президентіне дауыс берді.
Бүкілхалықтық саяси науқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-нің тұңғыш Президенті атанды. Сол айдың 10-жұлдызында ұлықтау рәсімі өтті, Мемлекеттің басшысы Алаш баласының алдында ант қабылдады.
Президенттік қызметке кірісе сала, Қазақ ССР-ын Қазақстан Республикасы деп атау туралы Заңға қол қойды.
1991-жыл, 1-желтоқсан. Қазақ мемлекеті тұңғыш Президентін сайлаған күн. Халықтың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс берген атаулы дата.
Азат ел болуға қазақтың шын бекінген, кемеңгер халықтың көреген басшысын таңдаған тарихи күні. Араға 10 күн салып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ата жолымен ақ киіздің үстінде отырып, елге адал болмаққа ант берді.